Бакуде түркі мәдени мұрасына арналған конференция өтті
2024 ж. 14 наурыз

Бас хатшы орынбасарының міндетін атқарушы Сакы Садыков 2024 жылғы 14-15 наурызда Бакудегі АДА университетінде өткен «ЮНЕСКО тұрғысынан Түркі әлемінің тарихи-мәдени мұрасын зерттеу және сақтау» тақырыбындағы конференцияға қатысты.

Конференцияны Әзербайжан Республикасының ЮНЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комиссиясы, Түркияның ЮНЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комиссиясы, Түркі академиясы, Түркі мәдениеті мен мұрасы қоры және АДА университетінің Даму және дипломатия институты бірлесіп ұйымдастырды.

Түркі әлемінің тарихи-мәдени мұрасын зерттеу мен сақтауға арналған екі күнге созылған іс-шараға Түркі ынтымақтастығы ұйымдарының, Түркі мемлекеттерінің ЮНЕСКО істері жөніндегі ұлттық комиссияларының, халықаралық ұйымдардың, Түркі мемлекеттері мәдениет министрліктері жанындағы мәдени мұра департаменттерінің өкілдері, ғалымдар, академиялық қайраткерлер, сондай-ақ Түркі мәдени мұрасына маманданған сарапшылар қатысты.

Конференцияда құттықтау және ашылу сөздері, тақырыптық сессиялар және дөңгелек үстелдер өткізілді. Қатысушылар Түркі мемлекеттерінің Түркі тарихи-мәдени мұрасын сақтау саласындағы ынтымақтастығы мен өзара іс-қимылды нығайту үшін қажетті тетіктерді құруға қолдау көрсетудің маңыздылығын атап өтті.

Конференцияның ашылу отырысында Әзербайжан Республикасының Мәдениет министрі Адиль Керимли, Түркі мемлекеттері ұйымының Бас хатшысы Кубанычбек Омуралиев, Түркі мәдениеті халықаралық ұйымының (ТҮРКСОЙ) Бас хатшысы Султан Раев, Түркі мәдениеті мен мұрасы қорының Президенті Ақтоты Райымқұлова, Түркі академиясының Президенті Шахин Мұстафаев, Түркияның ЮНЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комиссиясының Төрағасы Өджал Оғыз, Ататүрік атындағы Мәдениет, тіл және тарих жоғары кеңесінің Төрағасы Дерья Өрс, Әзербайжан Мемлекеттік туризм агенттігінің Төрағасы Фуад Нагиев, «Ичеришехер» мемлекеттік тарихи-сәулет қорығы басқармасының Төрағасы Шахин Сейидзаде, сондай-ақ ЮНЕСКО Бас конференциясының Президенті Симона-Мирела Мичулеску бейне үндеу арқылы сөз сөйледі.

Конференцияда Бас хатшы орынбасарының міндетін атқарушы Сакы Садыков та баяндама жасады. Сакы Садыков өз сөзінде Түркі мәдени мұрасын, әсіресе, қазіргі жаһандану дәуірінде көшпелілер өркениетінің өзегі болып табылатын жойылып бара жатқан салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарды сақтау мен насихаттаудың маңыздылығына тоқталды. Ол «Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын» Түркі әлемінің көшпелі халықтарына тиесілі барлық рухани, мәдени және тарихи рәсімдерді қамтитын ауқымды тарихи оқиға ретінде еске салды. Бірлескен күш пен өзара қолдаудың арқасында Түркі әлемі осы құнды мұраны сақтап, келешек ұрпаққа жеткізе алатынын айтты.

Іс-шара аясында түркітанушы Махмұд Қашқари 1072–1074 жылдары құрастырған түркі диалектілерінің жинағы «Диуан Лұғат ат-Түрктің» 950 жылдығына арналған Әзербайжан Ұлттық ғылым академиясының көрмесі де ұйымдастырылды.