Ғылыми-техникалық дамудағы парламенттердің рөлі туралы семинар өтті
2024 ж. 14 ақпан

2024 жылғы 14 ақпанда ТҮРКПА Құқықтық мәселелер және халықаралық қатынастар жөніндегі комиссиясының аясында онлайн режимінде «ТҮРКПА-ға мүше мемлекеттердегі ғылыми-техникалық даму мен заңнамалық қамтамасыз етудегі парламенттердің рөлі» атты семинар өтті.

Семинарға Парламент депутаттарының сарапшылары, тиісті мемлекеттік мекемелердің лауазымды тұлғалары мен академиктер, сондай-ақ ТҮРКПА Хатшылығының өкілдері қатысты.

Құқықтық мәселелер және халықаралық қатынастар жөніндегі комиссияның төрағасы, Түркия Ұлы Ұлттық Жиналысының мүшесі Осман Местен өзінің алғы сөзінде бюджетті бөлудегі, бюджеттік бақылаудағы, білім беру инфрақұрылымын құрудағы, ынталандырудағы, ТҮРКПА-ға мүше мемлекеттердің дамуына оң әсер ететін ғылыми-техникалық әзірлемелерге қолдау көрсетудегі парламенттердің рөлін атап өтті. Ашылу салтанатында Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің өкілі Асылхан Бибосынов пен Қырғыз Республикасы Жогорку Кенешінің өкілі Кубанычбек Мураталиев сөз сөйледі.

Семинардағы баяндамалар мен ұсынымдарда парламенттердің заң шығару қызметі арқылы ғылым мен техниканың дамуын қолдаудағы рөлі туралы айтылды. Сонымен қатар, ғылыми-техникалық прогреске негізделген және 4.0 Индустриясымен байланысты «5.0 Қоғам» тұжырымдамасына баса назар аударылды. Жасанды интеллектті қолдануға болатын салалардың бірі парламенттер екендігі атап өтілді.

Комиссия хатшысы Кадир Яман модераторлық еткен семинар қорытынды бағалаумен аяқталды.