ТҮРКПА Миссиясы Әзербайжандағы мерзімінен бұрын президенттік сайлауды бақылады
2024 ж. 7 ақпан

Сайлауды бақылау жөніндегі миссия 2024 жылғы 7 ақпанда Әзербайжанда өткен кезектен тыс президенттік сайлауды бақылады. ТҮРКПА Құқықтық мәселелер және халықаралық қатынастар жөніндегі комиссиясының Төрағасы, Түркия Ұлы Ұлттық Жиналысының мүшесі Осман Местен бастаған Миссия Қазақстан, Қырғызстан және Түркия парламенттерінің мүшелерінен, сондай-ақ ТҮРКПА Хатшылығының өкілдерінен құралды.

Миссия Әзербайжан Республикасы Милли Меджлисінің Төрайымы Сагиба Гафаровамен, Әзербайжан Республикасының Сыртқы істер министрі Джейхун Байрамовпен және Әзербайжан Республикасы Орталық Сайлау Комиссиясының (ОСК) Төрағасы Мазахир Панаховпен кездесулер өткізді.

Дауыс беру күні ТҮРКПА Миссиясы Баку, Шуша және Ханкендидегі сайлау учаскелеріне барып, елдің азат етілген аумақтарындағы сайлауды бақылап отырды. Миссияның бақылауы сайлау учаскелерін ашудан бастап дауыстарды санауға дейінгі дауыс беру процесінің барлық кезеңдерін қамтыды. Миссия сайлаудың барысын бақылап, сайлаушылармен, жергілікті бақылаушылармен және жергілікті сайлау учаскелерінің лауазымды тұлғаларымен әңгімелесті. Миссия мүшелері жергілікті БАҚ өкілдеріне сұхбат берді.

ОСК-ның алдын ала ақпаратына сәйкес, сайлауға сайлаушылардың келуі шамамен 76,73% құрады. ОСК сайлаудың алдын-ала нәтижелерін жариялап, Ильхам Әлиев мырзаның сайлауда шамамен 92,10% дауыспен жеңіске жеткенін хабарлады.

Келесі күні Миссия өзінің бақылауының алдын-ала нәтижелері туралы баспасөз мәслихатын өткізді. Миссия 2024 жылғы 7 ақпандағы Әзербайжан Республикасындағы кезектен тыс президенттік сайлау ұлттық заңнама мен халықаралық сайлау стандарттарына сәйкес өтті деген қорытындыға келді.

Бағдарламаға ТҮРКПА Хатшылығына бару да кірді. Әзербайжанда болған кезінде Миссия мүшелері азат етілген аумақтардағы Джыдыр Дүзу, Шуша бекінісінің қабырғалары және Саатлы мешіті сияқты тарихи маңызы бар жерлерге баруға мүмкіндік алды.