Бакуде Түркі мемлекеттері парламенттері халықаралық істер комитеттері төрағаларының отырысы өтті
2024 ж. 25 сәуір

2024 жылғы 25 сәуірде Бакуде Әзербайжан Республикасы Милли Меджлисінің ұйымдастыруымен Түркі мемлекеттері парламенттерінің халықаралық істер жөніндегі комитеттері төрағаларының отырысы өтті.

Іс-шараға Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркия, Өзбекстан, Солтүстік Кипр Түрік Республикасы парламенттерінің халықаралық істер жөніндегі комитеттерінің төрағалары мен төраға орынбасарлары, ТҮРКПА Бас хатшысы және басқа да ресми тұлғалар қатысты.

Отырыста Әзербайжан Республикасы Милли Меджлисінің Халықаралық және парламентаралық байланыстар комитетінің төрағасы Самад Сейидов, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Айдос Сарым, Қырғыз Республикасы Жогорку Кенешінің Халықаралық істер, қорғаныс, қауіпсіздік және көші-қон комитеті төрағасының орынбасары Лейла Лурова, Түркия Ұлы Ұлттық Жиналысының Халықаралық істер комитетінің төрағасы Фуат Октай, Өзбекстан Республикасы Олий Мажлисы Заң шығару палатасының Халықаралық істер және парламентаралық байланыстар жөніндегі комитетінің төрайымы Дилором Фавзиева, Солтүстік Кипр Түрік Республикасы Ассамблеясының Құқық, саяси мәселелер және халықаралық байланыстар жөніндегі комитетінің төрайымы Ясемин Өзтүрік және ТҮРКПА Бас хатшысы Мехмет Сүрейя Эр сөз сөйледі.

Қатысушылар Түркі мемлекеттерінің саяси, экономикалық, әлеуметтік, мәдени-гуманитарлық және басқа да салалардағы ынтымақтастығын кеңейтудегі парламенттік дипломатияның маңыздылығын және парламентаралық деңгейде Түркі мемлекеттерінің өзара бауырластық және достық қарым-қатынастарын нығайтудағы маңызды алаң ретіндегі ТҮРКПА рөлін атап өтті. Әңгімелесу барысында Түркі мемлекеттері арасындағы түрлі деңгейдегі байланыстарды арттыру, ТҮРКПА аясындағы қарым-қатынастарды кеңейту, аймақтық және халықаралық ұйымдар аясындағы өзара тиімді ынтымақтастықты дамыту мәселелері талқыланды. Қатысушылар парламентаралық достық топтарының қарым-қатынасты нығайтудағы рөліне де тоқталды.

Бас хатшы Мехмет Сүрейя Эр өз сөзінде әлемдегі саяси оқиғалар, шиеленістер мен жаңа сынақтар аясында парламенттік дипломатияның маңызды рөлін атап өтті. Ол Түркі мемлекеттерінің ынтымақтастыққа деген берік ерік-жігері Түркі ынтымақтастығының парламенттік өлшемі ретінде ТҮРКПА аясындағы өзара іс-қимылға серпін мен динамика бергенін атап өтті. Бас хатшы мұндай кездесулердің ортақ мүдделі мәселелер бойынша ұстанымдарды үйлестірудегі маңыздылығына тоқталып, кездесу ынтымақтастықты кеңейтуге септігін тигізетініне сенім білдірді.

Іс-шара отбасылық суретке түсумен аяқталды.