Friday, 27 January 2023, 15:15:20 — Baku (UTC+4)
Түркі мемлекеттерінің Парламенттік Ассамблеясы

ТҮРКПА Демократиялық сайлау стандарттары туралы ТМД конвенциясының 20 жылдығына арналған конференцияға қатысты

2022 жылғы 6-7 қазанда Бас хатшы Мехмет Сүрейя Эр Санкт-Петербургте өткен «Демократиялық сайлау стандарттары туралы ТМД Конвенциясы: халықаралық ынтымақтастық үшін ашық кеңістік» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға қатысты. ТМД Парламентаралық Ассамблеясы, ТМД Атқару комитеті және Ресей Федерациясының Орталық сайлау комиссиясы бірлесіп ұйымдастырған шара ТМД-ның Демократиялық сайлау стандарттары, сайлау құқықтары мен бостандықтары туралы конвенциясының 20 жылдығына арналды.

Конференцияға 200-ден астам қатысушы, оның ішінде депутаттар, халықаралық ұйымдар мен түрлі елдердің сайлауды басқару органдарының өкілдері мен сарапшылары қатысты.

Екі күнге созылған шара бағдарламасында «Демократиялық сайлау стандарттары», «Жастар таңдауы», «Сайлауды ұйымдастырудың озық тәжірибесі» және «Сайлауды бақылау» тақырыптарында төрт дөңгелек үстел өткізілді. Қатысушылар өз елдеріндегі сайлауды өткізу тәжірибесімен бөлісті. Талқылаулар сайлаулар мен референдумдарды өткізуде демократиялық стандарттарды қолдану, озық тәжірибелер мен инновациялар, әйелдер мен жастардың сайлау процесіне қатысуы және сайлаулар мен референдумдарды халықаралық байқауға бағытталды.

7 қазанда Бас хатшы Мехмет Сүрейя Эр конференцияның салтанатты пленарлық отырысында сөз сөйледі. Сайлау мен референдумды халықтың еркін білдірудің негізгі нысаны ретінде атап өткен Бас хатшы сайлау үдерісінің ашықтығы мен айқындығын қамтамасыз етудегі сайлауды бақылау миссияларының рөлін ерекше атап өтті. Ол ТҮРКПА мен ТМД ПАА сайлауды бақылау миссиялары арасындағы кездесулерге тоқталып, мұндай кездесулер барысындағы тәжірибе мен пікір алмасу байқау үдерісін жақсартуға және екі ұйымның ынтымақтастығын дамытуға ықпал еткенін айтты.

Конференция аясында Ресей Федерациясының Орталық сайлау комиссиясы мен Қырғыз Республикасының Сайлау және референдум өткізу жөніндегі орталық комиссиясы бірлесіп ұйымдастырған «Сайлау үдерісіндегі озық технологиялар» атты көрме де өтті.