Tuesday, 27 September 2022, 15:27:08 — Baku (UTC+4)
Түркі мемлекеттерінің Парламенттік Ассамблеясы

Чолпон-Атада ТҮРКПА-ның Он бірінші Пленарлық отырысы өтті

Қырғыз Республикасының Жогорку Кенеші ұйымдастырған ТҮРКПА-ның Он бірінші Пленарлық отырысы 2022 жылдың 24 маусымында Чолпон-Атада өтті. Отырыстың тақырыбы "Парламенттік дипломатия - сенім мен серіктестіктің негізі" болды.

ТҮРКПА-ның қазіргі іс басындағы төрағасы, Қырғыз Республикасының Жогорку Кенешінің Төрағасы Талант Мамытов мырза кіріспе сөз сөйледі. ТҮРКПА–ға мүше парламенттердің басшылары - Әзербайжан Республикасы Милли Меджлисінің Төрайымы Сахиба Гафарова ханым, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Ерлан Қошанов мырза, Түркия Ұлы Ұлттық Жиналысының Спикері Мұстафа Шентоп мырза, сондай-ақ Пленарлық отырыста бақылаушы ретінде Мажарстан Ұлттық Жиналысы спикерінің орынбасары мырза Сандор Лежак, Өзбекстан Республикасы Олий Мажлис Сенатының Төрайымы Танзила Нарбаева ханым және Түрікменстан Халк Маслахаты Милли Генгеш төрағасының орынбасары Қасымқули Бабаев мырза сөз сөйледі.

Іс-шараға парламенттік делегациялар, түркі ынтымақтастығы ұйымдарының, бақылаушы ұйымдардың және Түркі Мемлекеттері Ұйымының (ТМҰ), Түркі Мәдениетін және Өнерін Дамыту Халықаралық Ұйымының (ТҮРКСОЙ), Халықаралық Түркі Академиясының, Түркі Мәдениеті мен Мұрасының Халықаралық Қорының, Ислам Ынтымақтастығы Ұйымына мүше мемлекеттердің Парламенттік Одағының, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің Парламентаралық Ассамблеясының (ТМД ПАА), Азиядағы Өзара іс-қимыл және Сенім Шаралары жөніндегі Конференцияның (АӨСШК) және Манас Қырғыз-Түрік университетінің сияқты басқа да институттардың басшылары мен өкілдері қатысты.

Сессияның күн тәртібіне тұрақты комиссиялардың баяндамалары мен ұсынымдарын, "Әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту" туралы Модельдік заңын, Ассамблеяның сайлау мен референдумды қадағалау жөніндегі миссияларының түпкілікті есептерін қарау және қабылдау, сондай-ақ ТҮРКПА комиссияларының төрағалары мен Төраға орынбасарларын сайлау кірді.

Он екінші Пленарлық отырысты 2023 жылдың сәуір айында Түркияның Ыстамбұл қаласында өткізу туралы шешім қабылданды.

Пленарлық отырыс Чолпон-Ата Декларациясын қабылдаумен аяқталды. Мүше парламенттердің басшылары ұйымның атауын өзгертуден туындайтын тиісті түзетулерді қамтитын Ыстамбұл келісіміне (Ассамблея құру туралы келісімге) өзгерістер енгізу туралы хаттамаға қол қойды.

Жалпы отырыстан кейін баспасөзге арналған брифинг өтті, оның барысында парламенттік делегациялардың басшылары Он бірінші Пленарлық отырыстың қорытындысын шығарды.