Friday, 07 October 2022, 13:04:39 — Baku (UTC+4)
Түркі мемлекеттерінің Парламенттік Ассамблеясы

Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі комиссия өзінің тоғызыншы отырысын өткізді

2022 жылғы 20 мамырда Нұр-Сұлтан қаласында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ұйымдастыруымен «Пандемиядан кейінгі экономика: шағын және орта бизнесті мемлекеттік қолдау» тақырыбында ТҮРКПА Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі комиссиясының (ЭЫК) тоғызыншы отырысы өтті.

Отырыс Комиссия Төрағасы, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Әмірхан Рахымжанов мырзаның төрағалығымен өтті. Талқылау пандемия және пандемиядан кейінгі кезеңде шағын және орта бизнесті қолдау үшін қабылданған шараларға қатысты мүше мемлекеттердің тәжірибесін зерделеуге арналды.

Комиссия тақырып бойынша Қырғыз Республикасы Жогорку Кенешінің депутаты, Комиссия мүшесі Дастанбек Жұмабеков мырза мен Комиссия Төрағасы Әмірхан Рахымжанов мырза ұсынған есеп пен ұсынымдарды қабылдады. Құжаттар 23-24 маусымда Қырғыз Республикасының Шолпан-Ата қаласында өтетін он бірінші пленарлық отырыста ұсынылатын болады. Сондай-ақ Комиссия алдағы бес жылға арналған өз отырыстарының тақырыптарын және Комиссия шеңберінде әзірленетін модельдік заңдардың атауларын бекітті. Комиссияның оныншы отырысын Қырғыз Республикасында өткізу туралы шешім қабылданды.

Комиссия мүшелері Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі Төрағасының орынбасары Балайым Кесебаева ханыммен кездесті. Вице-Спикер ТҮРКПА аясындағы ынтымақтастық Түркі Әлемін жақындастырудың жаңа архитектурасын қалыптастыратынын атап өтті. Комиссия мүшелері қонақжайлылық үшін алғыстарын білдіріп, 2022 жылғы 5 маусымда Қазақстан Республикасында өтетін конституциялық өзгерістер бойынша алдағы жалпыхалықтық референдум өткізуде табыс тіледі.

Тараптар екіжақты және көпжақты ынтымақтастықты дамыту перспективалары, сондай-ақ осы тұрғыдағы парламенттердің рөлі туралы пікір алмасты.