Friday, 07 October 2022, 12:56:42 — Baku (UTC+4)
Түркі мемлекеттерінің Парламенттік Ассамблеясы

Анкарада ТҮРКПА-ға мүше мемлекеттерде пандемиямен күрес бойынша семинар өтті

ТҮРКПА 2022 жылғы 11 мамырда Түркияның Ұлы Ұлттық Жиналысының (ТҰҰЖ) қолдауымен ТҮРКПА-ға мүше мемлекеттерде пандемиямен күрес бойынша семинарды Анкарада ұйымдастырды. ТҮРКПА-ның Қоршаған орта, табиғи ресурстар және денсаулық сақтау жөніндегі комиссиясы өткізген семинардың негізгі мақсаты COVID-19 пандемиясының әсері мен салдарына және денсаулық сақтау саласында, әсіресе, мүше мемлекеттерде қабылданған шараларға назар аудару болды.

Семинарға мүше елдердің, Өзбекстанның парламентшілері мен сарапшылары, сондай-ақ Түркияның тиісті ведомстволарының өкілдері қатысты.

Семинар екі сессиядан тұрып, модераторлары Әзербайжан Республикасы Милли Меджлисінің Денсаулық сақтау комитетінің Төрағасы, Комиссия төрағасы Ахлиман Амирасланов мырза және Комиссия төрағасының орынбасары, ТҰҰЖ депутаты Реджеп Шекер мырза болды. Ашылу салтанатында Комиссия төрағасы мен Төрағасының орынбасары, ТҮРКПА Бас хатшысы Мехмет Сүрейя Эр мырза, Комиссия мүшелері – Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Елдос Абақанов мырза, Қырғыз Республикасы Жогорку Кенешінің депутаты Балбақ Төлебаев мырза, сондай-ақ Өзбекстан Республикасы Олий Мажлис Сенатының Ғылым, білім және денсаулық сақтау комитетінің Төрағасы Одилжон Иминов мырза сөз сөйледі.

Семинар барысында мүше елдердің сарапшылары мен Түркияның тиісті ведомстволарының өкілдері баяндама жасап, мүше елдердегі ағымдағы жағдай, заңнама және институционалдық база туралы ақпарат беріп, осы мәселе бойынша талқылаулар өткізді.

Бағдарламаның практикалық бөлігі ретінде қатысушылар Анкара қалалық ауруханасына барды.