Tuesday, 27 September 2022, 15:54:18 — Baku (UTC+4)
Түркі мемлекеттерінің Парламенттік Ассамблеясы

ТҮРКПА делегациясы Түркі Әлемі балаларының бірлігіне арналған іс-шараға қатысты

2022 жылғы 22 сәуірде Әлеуметтік, мәдени және гуманитарлық мәселелер жөніндегі комиссиясының 9-шы отырысы аясында мүше елдердің парламентшілері мен сарапшыларынан, сондай-ақ Хатшылық өкілдерінен тұратын ТҮРКПА делегациясы Халықаралық Түркі мәдениеті мен мұрасы қоры ұйымдастырған 23-ші сәуір Түркия Ұлттық егемендігі мен балалар күніне арналған «Түркі Әлемі балаларының бірлігі» тақырыбындағы іс-шараға және Әзербайжан суретшісі Ковсар Гурбанның сурет көрмесіне қатысты. Іс-шараға Түркі мемлекеттерінің елшілері мен басқа да ресми тұлғалар қатысты.

Іс-шара Түркі мемлекеттері арасындағы мәдени байланыстарды одан әрі нығайту және жас ұрпақты Түркі Әлемінің материалдық және рухани құндылықтарымен таныстыру мақсатында ұйымдастырылды.

Мерекеде Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркия, Өзбекстан және Түркіменстаннан келген балалар ән шырқап, ұлттық киімдерде би билеп, ұлттық музыкалық аспаптарда ойнап, Түркі Әлемінің ынтымағын білдіретін өлеңдер оқыды. Қойылымдар барысында қонақтар балаларға сертификаттар мен сыйлықтар табыс етті.