Friday, 07 October 2022, 14:14:30 — Baku (UTC+4)
Түркі мемлекеттерінің Парламенттік Ассамблеясы

Бакуде Әлеуметтік, мәдени және гуманитарлық мәселелер жөніндегі комиссияның тоғызыншы отырысы өтті

2022 жылғы 22 сәуірде Бакуде Әзербайжан Республикасы Милли Меджлисінің ұйымдастыруымен Әлеуметтік, мәдени және гуманитарлық мәселелер жөніндегі комиссияның тоғызыншы отырысы өтті. Отырыс күн тәртібінің негізгі тақырыбы «ТҮРКПА мүше елдерінде әлеуметтік кәсіпкерлікті қолдау» болды.

Мүше елдердің парламентшілері, сарапшылары, парламенттерінің, тиісті министрліктер мен мемлекеттік органдарының өкілдері, сондай-ақ ТҮРКПА Хатшылығының өкілдері қатысқан отырысқа Комиссия Төрағасы және Қырғыз Республикасының Жогорку Кенешінің депутаты Айбек Осмонов мырза төрағалық етті.

Қатысушылар ТҮРКПА өңірінде әлеуметтік кәсіпкерлікті ілгерілетудің тиімділігін арттырудың маңыздылығын атап өтіп, мүше парламенттердің тұрақты өсу мен экономикалық дамудың маңызды элементі ретінде осы қоғамдық институтты дамыту жөніндегі қызметті қамтамасыз етуде атқаратын рөлін назарға салды. Сондай-ақ қатысушылар мүше елдердің тиісті саладағы ұлттық заңнамасын жақындастыру мүмкіндіктері туралы пікір алмасты.

Комиссия 2022 жылғы 23-24 маусымда Қырғыз Республикасының Чолпон-Ата қаласында өтетін ТҮРКПА-ның он бірінші пленарлық отырысында ұсынылатын осы мәселе бойынша есеп пен ұсынымды, сондай-ақ Комиссия шеңберінде әзірленген «Әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту туралы» модельдік заң жобасын талқылап, мақұлдады.

Бұдан басқа, Комиссия 2028 жылға дейінгі ұзақ мерзімді кезеңге арналған Комиссия отырыстарының тақырыптарын және модельдік заңдардың атауларын бекітті.