Friday, 07 October 2022, 14:35:03 — Baku (UTC+4)
Түркі мемлекеттерінің Парламенттік Ассамблеясы

Милли Меджлисте Әлеуметтік, мәдени және гуманитарлық мәселелер жөніндегі комиссияның семинары өтті

2022 жылғы 21 сәуірде Бакуде Әзербайжан Республикасы Милли Меджлисінің ұйымдастыруымен «Халықтың әлеуметтік осал топтарын кәсіпкерлік қызметке ынталандыру: болмысы мен болашағы» тақырыбында семинар өтті. Семинар Әлеуметтік, мәдени және гуманитарлық мәселелер жөніндегі комиссиясының 9-шы отырысы аясында ұйымдастырылды. Семинарға ТҮРКПА-ға мүше елдердің парламентшілері, сарапшылары мен мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.

Ашылу салтанатында Әзербайжан Республикасы Милли Меджлисінің Экономикалық саясат, өнеркәсіп және кәсіпкерлік комитетінің Төрағасы Тахир Миркишили мырза, ТҮРКПА Бас хатшысы Мехмет Сүрейя Эр мырза, Әзербайжан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жанындағы Тұрақты және жедел әлеуметтік қамсыздандыру агенттігінің Басқарма төрағасы Фарид Мамедов мырза және Әзербайжан Республикасының Шағын және орта бизнесті дамыту агенттігі Басқарма төрағасының орынбасары Самир Гумбатов мырза сөз сөйледі.

Ашылу салтанатынан кейін екі сессия болып, олардың модераторлары ретінде тиісінше Комиссия төрағасы, Қырғыз Республикасының Жогорку Кенешінің депутаты Айбек Осмонов мырза және Комиссия төрағасының орынбасары, Әзербайжан Республикасы Милли Меджлисінің депутаты Низами Джафаров мырза отырыстарды жүргізді.

Семинар барысында сарапшылар баяндамалар жасап, мүше елдердегі әлеуметтік кәсіпкерлік саласындағы ағымдағы жағдай мен құқықтық база туралы ақпарат берді. Сессия барысында қатысушылар халықтың әлеуметтік осал топтарын кәсіпкерлік қызметке тарту проблемаларын және оларды заңнамалық деңгейде шешу жолдарын, сондай-ақ әлеуметтік кәсіпкерлікті дамытуды ынталандыруды заңнамалық қамтамасыз ету мәселелерін талқылады.

Семинар аясында қатысушылар Тұрақты және жедел әлеуметтік қамсыздандыру агенттігінің Операциялық орталығына барды. Орталық қызметкерлері халыққа жайлы қызмет көрсетуге бағытталған прогрессивті, көп қырлы және кезең-кезеңмен жүргізілген реформалардың нәтижелеріне негізделген рәсімдерді көрсетті.

Іс-шара аясында «Әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту туралы» Модельдік заң жобасын әзірлеу жөніндегі Сарапшылар тобының екінші отырысы өтті. Сарапшылар бірінші отырыс қорытындысы бойынша ұсыныстардан құралған салыстырмалы кестені қарап, заң жобалау жұмыстарының сапасын арттыру мәселелерін талқылады.