Tuesday, 27 September 2022, 15:01:10 — Baku (UTC+4)
Түркі мемлекеттерінің Парламенттік Ассамблеясы

ТҮРКПА ПАО-ның 144-ші Ассамблеясына және онымен байланысты отырыстарға қатысты

Бас хатшы Мехмет Сүрейя Эр бастаған ТҮРКПА делегациясы 2022 жылғы 20-24 наурызда Балидегі Нуса-Дуада Индонезия Республикасы Парламенті ұйымдастырған Парламентаралық Одақтың (ПАО) 144-ші Ассамблеясына қатысты. Іс-шараның басты тақырыбы «Нөлге жету: климаттың өзгеруіне байланысты шаралар қабылдау үшін парламенттерді жұмылдыру» болды.

Ассамблеяның ашылу салтанатында Индонезия Республикасының Президенті Жоғары мәртебелі Джоко Видодо, Индонезия Республикасы Өкілдер Палатасының Спикері Жоғары мәртебелі Пуан Махарани және ПАО Президенті Жоғары мәртебелі Дуарте Пачеко сөз сөйледі. БҰҰ Бас хатшысы Жоғары мәртебелі Антонио Гутерриш Ассамблеяға бейне үндеу жолдады.

Ассамблея барысында ПАО жарғылық органдарының, соның ішінде Басқарушы кеңестің, Тұрақты комитеттердің, Парламентшілердің адам құқықтары және Таяу Шығыс мәселелері жөніндегі комитеттерінің отырыстары, сондай-ақ Парламентші әйелдер форумы мен Жас парламентшілер форумы шақырылды. Іс-шара аясында ПБХА отырысы да өтті.

ПАО Ассамблеясы әлемнің әртүрлі аймақтарынан келген парламентшілер мен халықаралық ұйымдардың өкілдерін жинады. Делегаттар климаттың өзгеруі мен оның салдарын шешу үшін инновациялық шешімдерді табу, парламенттік әрекет және саясатты жұмылдыру туралы талқылады, пікір алмасты және ойларымен бөлісті.

Іс-шара аясында Бас хатшы ПАО-да ТҮРКПА-ға мүше мемлекеттердің парламенттік делегацияларымен кездесті. Тараптар Түркі әлеміндегі парламентаралық ынтымақтастықтың келешегі және ортақ мүдделі басқа да мәселелер бойынша пікір алмасты.

Ассамблея жалпы жарыссөз тақырыбы бойынша қорытынды құжатты қабылдаумен аяқталды.