Friday, 07 October 2022, 12:57:20 — Baku (UTC+4)
Түркі мемлекеттерінің Парламенттік Ассамблеясы

ТҮРКПА-ға мүше парламенттер Сыртқы істер комитеттері басшыларының алғашқы кездесуі өтті

2022 жылғы 9 наурызда Құқықтық мәселелер және халықаралық қатынастар жөніндегі комиссия шеңберінде онлайн режимінде ТҮРКПА-ға мүше парламенттердің Сыртқы істер комитеттері басшыларының алғашқы кездесуі өтті. Кездесу «Сыртқы саяси ынтымақтастықтағы парламенттердің рөлі» тақырыбында өтті.

Іс-шараға мүше парламенттердің, Мажарстан мен Өзбекстан парламенттерінің Сыртқы істер комитеттерінің басшылары, сондай-ақ ТҮРКПА Хатшылығының өкілдері қатысты.

Сессияның ашылуында Түркия Ұлы Ұлттық Жиналысының Сыртқы істер комитетінің Төрағасы Акиф Чагатай Кылыч мырза, ТҮРКПА-ның Құқықтық мәселелер және халықаралық қатынастар жөніндегі комиссиясының Төрағасы Эрол Кайя мырза және ТҮРКПА-ның Бас хатшысы Мехмет Сүрейя Эр мырза сөз сөйледі.

Кездесу барысында Әзербайжан Республикасы Милли Меджлисінің Халықаралық және парламентаралық байланыстар комитетінің Төрағасы Самед Сеидов мырза, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Сыртқы істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің Төрайымы Айгүл Құспан ханым, Қырғыз Республикасы Жогорку Кенешінің Халықаралық қатынастар, қорғаныс, қауіпсіздік және көші-қон комитетінің Төрағасы Шыңғыс Айдарбеков мырза, Түркия Ұлы Ұлттық Жиналысының Сыртқы істер комитетінің Төрағасы (жиналыста төрағалық етуші) Акиф Чагатай Кылыч мырза, Мажарстан Ұлттық Жиналысының Сыртқы істер жөніндегі комитетінің Төрағасы Жолт Немет мырза және Өзбекстан Республикасы Олий Мажлисі Заңнамалық палатасының Халықаралық және парламентаралық байланыстар жөніндегі комитетінің Төрайымы Дилором Файзиева ханым сөз сөйледі.

Қатысушылар тақырып бойынша, соның ішінде сыртқы саясаттағы парламенттердің рөлі және өзара қызығушылық тудыратын сыртқы саясат мәселелері бойынша ынтымақтастық перспективалары туралы сөз сөйледі.

Осындай кездесуді ТҮРКПА аясында алғаш рет өткізудің маңыздылығын атап өтіп, қатысушылар келесі екінші кездесуді Түркия Парламенті ұйымдастырған бетпе-бет кездесу форматында өткізу туралы уағдаласты.