Saturday, 24 September 2022, 20:30:34 — Baku (UTC+4)
Түркі мемлекеттерінің Парламенттік Ассамблеясы

ТҮРКПА және ШОБДА бірлесіп «Пандемиядан кейінгі кезеңде экономиканың өсуін тұрақтандырудағы шағын және орта бизнестің инновациялық белсенділігі» тақырыбында конференция ұйымдастырды

2022 жылғы 18 ақпанда Әзербайжан Республикасы Милли Меджлисінің қолдауымен ТҮРКПА мен Әзербайжан Республикасының Шағын және орта бизнесті дамыту агенттігі (ШОБДА) бірлесіп «Пандемиядан кейінгі кезеңде экономиканың өсуін тұрақтандырудағы шағын және орта бизнестің инновациялық белсенділігі» тақырыбында конференция ұйымдастырды.

Конференцияның ашылуында Милли Меджлис депутаты және ТҮРКПА Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі комиссиясының мүшесі Ағалар Велиев мырза, ТҮРКПА Бас хатшысының орынбасары Талғат Адуов мырза және ШОБДА Басқармасының Төрағасы Орхан Мамедов мырза сөз сөйледі.

Конференция Әзербайжан Республикасының Милли Меджлис депутаттары мен өкілдерінің, Әзербайжан Республикасының Экономика және Ауыл шаруашылығы министрліктерінің, бизнес-қауымдастықтардың және Әзербайжан Республикасының Кәсіпкерлер (жұмыс берушілер) ұйымдары ұлттық конфедерациясының өкілдерінің қатысуымен екі жұмыс сессиясын қамтыды.

Өз сөзінде Ағалар Велиев мырза шағын және орта бизнесті қолдау бойынша бірлескен жұмыстың маңыздылығын атап өтіп, ШОБДА-ның осы тұрғыдағы ерекше рөліне тоқталды. Ол ТҮРКПА-ның тұрақты комиссиялары аясында мүше мемлекеттердің ұлттық заңнамасын жақындастыруға ықпал ететін модельдік заңдарды әзірлеу бойынша жүргізіліп жатқан белсенді жұмысты айтты.

Талғат Адуов мырза ортақ мақсаттарға қол жеткізуде маңызды рөл атқаратын ортақ тамырларға, тарихқа, тілге, мәдениетке және құндылықтарға негізделген мүше мемлекеттер арасындағы көпжақты ынтымақтастықтың маңыздылығын сөзге келтірді. Ол «жасыл экономика» саласындағы жаңа үрдістерді және шағын мен орта бизнестің кеңінен қатысуын ескере отырып, Қарабақты қалпына келтірудің маңыздылығына баса назар аударды.

Өз кезегінде Орхан Мамедов мырза ШОБДА жұмысы және шағын мен орта бизнесті қолдау бойынша ағымдағы жобалар туралы хабардар етті.

Сессия барысында қатысушылар сөз сөйлеп, қолданыстағы заңнама және пандемиядан кейінгі кезеңде шағын және орта бизнесті дамытуға жәрдемдесу мен экономиканы қалпына келтіру бойынша іске асыру аспектілері бойынша диалог жүргізді. Қатысушылар ТҮРКПА мүше мемлекеттер арасында шағын және орта бизнесті дамыту мен қолдау саласында білім мен тәжірибе алмасудың маңыздылығын атап өтті. Милли Меджлистің мүшесі Фазил Мұстафа мырза Милли Меджлистің Ассамблея аясында модельдік заңдар әзірлеудегі оң тәжірибесіне назар аударып, ТҮРКПА мүше мемлекеттердің осы саладағы заңнамалық тәжірибесін зерделеудің маңыздылығына назар аударды.

Іс-шара ТҮРКПА Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі комиссиясы аясында өтті. Конференцияға Бас хатшының орынбасарлары мен Комиссия хатшылары да қатысты.