Friday, 30 September 2022, 13:20:30 — Baku (UTC+4)
Түркі мемлекеттерінің Парламенттік Ассамблеясы

Қырғызстан Президенті Бақылау миссияларының басшыларымен кездесті

2021 жылғы 29 қарашада Қырғыз Республикасының Президенті Жоғары мәртебелі Садыр Жапаров Қырғызстандағы Парламенттік сайлауды мониторингтеуге қатысатын сайлауды бақылау жөніндегі халықаралық миссиялардың басшыларымен кездесті. Кездесуге ТҮРКПА Сайлауды бақылау жөніндегі миссиясының басшысы, Түркия Ұлы Ұлттық Жиналысының депутаты Реджеп Шекер мырза қатысты.

Мемлекет басшысы өткен парламенттік сайлаудың ел мен қоғамның болашағы үшін айрықша маңыздылығына баса назар аударып, Қырғызстандағы сайлау процесін бақылауға қатысқаны үшін алғысын білдірді.

Қырғызстан Президенті Парламент мүшелерін сайлаудың жаңа жүйесіне тоқталып, Парламенттік сайлау кезіндегі бәсекелестік ортаны атап өтіп, сайлау заңнамасы әйелдер, жастар, этникалық азшылықтар мен мүгедектерге қоғамның барлық топтарының Парламентте өкілдік етуі үшін квоталар енгізгенін білдірді. Президент Жапаров қоғамның талаптарына жауап беретін әділ, ашық және бәсекелі сайлау өткізуге бар күш салынғанын белгіледі.

Бақылау миссияларының басшылары Мемлекет басшысы мен Қырғыз халқын Парламенттік сайлаудың табысты өтуімен құттықтап, сайлауды өткізу және сайлау процесінің ашықтығын қамтамасыз ету жөніндегі ұйымдастыру жұмыстарының жоғары деңгейін атап өтті.