Friday, 07 October 2022, 13:05:58 — Baku (UTC+4)
Түркі мемлекеттерінің Парламенттік Ассамблеясы

ТҮРКПА делегациясы Бұхара қаласында өткен «Тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізудегі жаһандық парламентаралық ынтымақтастық» форумына қатысты

2021 жылғы 23-24 маусым аралығында ТҮРКПА делегациясы құрамында ұйымға мүше елдер парламентерінің депутаттары мен Хатшылығының өкілдері болып Өзбекстанның Бұхара қаласында өткен «Тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізудегі жаһандық парламентаралық ынтымақтастық» тақырыбындағы халықаралық форумға қатысты.

Өзбекстан Олий Мәжілісі Сенатының Төрайымы Танзила Нарбаева ханым Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиеев мырзаның Форумға арнаған жолдауын жеткізді. Ашылу салтанатында Сенат Төрайымы Танзила Нарбаева ханым, Өзбекстан Олий Мәжілісі Заң шығару Палатасының Спикері Нұрдинжон Исмоилов мырза, Парламентаралық Одақтың Бас хатшысы Мартин Чунгонг мырза, ЕҚЫҰ ПА Президенті Питер Лорд Боунесс мырза, ТҮРКПА Бас хатшысы Алтынбек Мамаюсупов мырза, ТҮРКПА-ның Құқықтық мәселелер және халықаралық қатынастар жөніндегі комиссиясының төрағасы Исмет Учма мырза, Азия Парламенттік Ассамблеясының Бас хатшысы Мохаммад Реза Маджиди мырза, Біріккен Ұлттар Ұйымының Өзбекстандағы Координатор-резиденті Хелена Фрейзер ханым да сөз сөйледі. Біріккен Ұлттар Ұйымының Экономикалық және әлеуметтік кеңесінің төрағасы Акрам Мунир мырза Форумға бейне сәлемдемесін жіберді.

Өз сөзінде Бас хатшы Алтынбек Мамаюсупов мырза Өзбекстанның Тұрақты даму мақсаттарына, атап айтқанда гендерлік мәселелерге, әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейтуге, кедейлікті жоюға және экономикалық дамуға ерекше назар аударатынын атап өтті. Мамаюсупов мырза Өзбекстанның Тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізуге және жалпы өңірдің дамуына қосқан елеулі үлесі туралы айтып, оның Ассамблея қызметіне қатысуы Түркітілдес елдер арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға ықпал ететініне тоқталды.

Ол Тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізудегі парламенттер мен парламентаралық ынтымақтастықтың рөліне назар аударып, осы тұрғыда басқа халықаралық ұйымдармен ынтымақтастыққа дайын екенін білдірді.

Реджеп Шекер мырза мен Осман Местен мырза тиісінше «Түркияның ұлттық даму стратегиясы контекстіндегі денсаулық сақтауды трансформациялау моделі» мен «Жастар парламенті. Түркияның тәжірибесі» атты тақырыптық сессияларында сөз сөйледі.

Форумды Өзбекстан Республикасының Олий Мәжілісі, Министрлер Кабинеті, Экономикалық даму және кедейлікпен күрес министрлігі және Біріккен Ұлттар Ұйымының Өзбекстандағы мекемелері бірлесіп ұйымдастырды. Іс-шараға парламенттер басшылары мен мүшелері, халықаралық ұйымдардың басшылары мен өкілдері, сарапшылар қатысты.

Форумдағы пікірталастарда Тұрақты даму мақсаттарын тиімді іске асыруды қамтамасыз етудегі парламенттердің рөліне, оны қаржыландыруға, ондағы статистикалық көрсеткіштерді жасауға, оған азаматтық қоғам институттары мен әлеуметтің қатысуына, оны парламенттік бақылау мен бағалауға, осы бағыттағы парламенттердің жаһандық әріптестігіне баса назар аударылды.