Thursday, 29 September 2022, 15:54:31 — Baku (UTC+4)
Түркі мемлекеттерінің Парламенттік Ассамблеясы

Бас хатшы Анталия дипломатиялық форумына қатысты

Бас хатшы Алтынбек Мамаюсупов мырза 2021 жылғы 18-20 маусым аралығында «Инновациялық дипломатия: жаңа дәуір, жаңа тәсілдер» тақырыбында өткен Анталия дипломатиялық форумына қатысты.

Бас хатшы халықаралық ұйымдардың тиімділігін арттыру бойынша пікірталастарға қатысты. Ол парламентаралық ұйымдардың рөлі мен олардың халықаралық қатынастар жүйесіндегі тиімділігі туралы айтып, диалог пен интеграцияның икемді құралдарын қамтамасыз ететін парламенттік дипломатияның маңыздылығына назар аударды. Мамаюсупов мырза халықаралық институттар арасындағы тығыз қарым-қатынастың қажеттілігіне ерекше көңіл бөлді.

Форум аясында Бас хатшы қатысушы елдердің Сыртқы істер министрлері – Мевлют Чавушоглу мырзамен (Түркия), Джейхун Байрамов мырзамен (Әзербайжан), Мұхтар Тілеуберді мырзамен (Қазақстан), Руслан Казакбаев мырзамен (Қырғыз Республикасы), Түркия Ұлы Ұлттық Мәжілісі Сыртқы істер комитетінің төрағасы Акиф Чагатай Кылыч мырзамен, Қара теңіз экономикалық ынтымақтастығы Парламенттік ассамблеясының Бас хатшысы Асаф Гаджиев мырзамен, Азия Парламенттік ассамблеясының Бас хатшысы Мұхаммед Реза Маджиди мырзамен, сондай-ақ Түркі ынтымақтастық ұйымдарының басшыларымен өзара қызығушылық тудыратын мәселелерді талқылау үшін кездесті.

Анталия дипломатиялық форумы – бұл саяси көшбасшылардың, депутаттардың, министрлердің, дипломаттардың, халықаралық ұйымдардың, түрлі институттар мен академиялық топтардың басшылары мен өкілдерінің жоғары деңгейдегі кездесуі.

18 маусымда осы форумда Түркия Республикасының Президенті Режеп Тайып Ердоған мырза мен Түркия Республикасының Сыртқы істер министрі Мевлют Чавушоглу мырза сөз сөйледі.

Іс-шара бағдарламасында бірқатар маңызды өңірлік және жаһандық мәселелерді қамтитын тақырыптық дебаттар болды. Қатысушылар өңірлік ынтымақтастыққа, қауіпсіздікке, энергетикаға, парламенттік дипломатияға, өңірлік ұйымдардың тиімділігіне, гендерлік проблематикаға және тұрақты дамуға қатысты мәселелер бойынша пікір алмасты.