Friday, 28 January 2022, 16:07:23 — Baku (UTC+4)
Түркітілдес Елдердің Парламенттік Ассамблеясы

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсултан Әбішұлы Назарбаевтың Түркітілдес елдер Парламенттік Ассамблеясының Х пленарлық отырысының қатысушыларына құттықтау сөзі

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсултан Әбішұлы Назарбаевтың Түркітілдес елдер Парламенттік Ассамблеясының Х пленарлық отырысының қатысушыларына құттықтау сөзі

2021 жылғы 28 қыркүйек

Құрметті ханымдар мен мырзалар!

Қымбатты достар!

Түркітілдес елдер Парламенттік Ассамблеясының (ТүркПА) мерейтойлық Х пленарлық отырысына орай шынайы құттықтауымды қабыл алыңыздар.

15 жыл бұрын 2006 жылы Антальяда өткен Түркітілдес мемлекеттер басшыларының саммитінде мен ТүркПА-ны құру бастамасын алғаш рет ұсынғанымды жылы сезіммен еске алып отырамын.

Сіздердің бүгінгі мерейтойлық басқосуларыңыз Қазақ халқының киелі бесігі мен бойтұмары, Түркі әлемінің рухани астанасы, бабаларымыздан қалған көне шаһар – қасиетті Түркістанда өтіп отырғанына қуаныштымын.

Өздеріңізге белгілі, 2018 жылы «Оңтүстік Қазақстан облысының» атауын «Түркістан облысы» деп өз шешіміммен өзгерттім, оның орталығы Түркістанға көшірілді.

Сол мезетте-ақ бүкіл өлке өзінің жаңа тарихын бастады.

Екі жылдан аса уақыт ішінде бұл құтты мекен түбегейлі көркейіп, құлпыруда.

Осы бағыттағы жұмыс әлі жалғаса береді. Шаһардың сәулетін қалыптастырғанда біз, әлбетте, тарихи сабақтастыққа ерекше көңіл бөлеміз.

Қазіргі Түркістанның жаңадан безендірілген келбетін көріп, жаңғыртылған рухын сезе аласыздар деп үміттенемін.

Алдағы уақытта Қазақстанның киелі ордасы – Түркістанға дүние жүзіндегі түркітілдес бауырларымыздың жиірек келуін күтемін.

Құрметті делегациялар мүшелері!

Түркі өркениетінің тарихы мен тамыры тереңде жатыр.

Өткен ғасырларға көз салсақ, біз – бүкіл планетаның ең алып құрлығында әрдайым елеулі рөл атқарған қалың жұрттың ұрпағымыз.

Түркі әлемінің бүгінгі маңызын сезіну үшін әлемнің саяси және географиялық карталарына қарау жеткілікті.

160 миллиондай азаматы бар түркі жұрағатының шаңырағы кеңейіп, ынтымағымыз нығайып келеді.

Қазіргі уақытта барша түркітілдес елдер өз тарихында үлкен жол кешіп, елеулі жетістіктерге қол жеткізді.

Биыл біздің – бес түркі мемлекетінің тәуелсіздігіне – 30 жыл толуда.

Елдеріміздің егемендігін ең алғашқы болып Түркия Республикасының танығаны әрдайым есте сақталады.

Біз – жаңа тәуелсіз мемлекеттер өз тарихының бастапқы күндерінен-ақ түбірі ортақ тіл, мәдениет пен салт-дәстүрге негізделетін, сондай-ақ барлық бауырлас елдерге дәнекер болатын ерекше байланыстың бар екенін анық түсіндік.

Дегенмен, алдымызда жаңа маңызды мақсат-мұраттар тұр.

Олардың барлығына да қол жеткізетінімізге сенімдімін.

Бұл ретте, түркілердің кең байтақ даласында өзара ықпалдастықты дамыту үшін әрдайым ерік-жігер мен батылдық танытып отыруымыз қажет.

Түркітілдес мемлекеттердің парламентарийлері осы бір күрделі іске өзінің елеулі үлесін қосатынына кәміл сенемін.

Жалпы, Түркітілдес елдер Парламенттік Ассамблеясының мерейтойлық пленарлық отырысы халықтарымыздың өзара достығы мен әрекеттестігін одан әрі нығайтуға қосымша серпін береді деп ойлаймын.

Қадірлі достар!

Ширек ғасырдан аса уақыт ішінде (1992-2019 жж.) мен өзім түркітілдес елдер басшыларының түрлі құрамдағы 17 бетпе-бет кездесудің бәріне де қатыстым.

Осы тұрғыда, менің қоғамдастық ішіндегі жұмысымның басты мақсаты – бауырлас түркі елдерін бір-бірімен жақындастыру.

Қазіргі уақытта осы асыл мұратқа ортақ күш-жігердің нәтижесінде жетіп отырғанымызға өте қуаныштымын.

Келешекте де жаңа белестерді бірлесе бағындыра береміз деп үміттенемін.

Өз тарапымнан, бұл бағытта Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастығы кеңесінің Құрметті төрағасы ретінде сіздерге қолдау көрсетіп, қолғабыс жасауға әрқашан әзірмін.

Осы орайлы сәтте, бүгінгі жиынға қатысушылардың бәріне сәттілік пен бар жақсылықты тілеймін!

ТҮРКПА-ның Кезекті Төрағалығы
ТҮРКПА-ның іс басындағы Төрағасы
Хабарландырулар