Sunday, 22 May 2022, 12:38:31 — Baku (UTC+4)
Түркітілдес Елдердің Парламенттік Ассамблеясы

Түркі мемлекеттерінің ұйымы

Түркі мемлекеттерінің ұйымы (кезінде Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығының кеңесі – Түркі Кеңесі деп аталған) 2009 жылы Түркі мемлекеттері арасындағы жан-жақты ынтымақтастықты ілгерілету мақсатында үкіметаралық ұйым ретінде құрылды. Оның негізін қалаушы Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан және Түркия болып, төрт мемлекет болды. 2019 жылдың қазан айында Бакуде өткен 7-ші Саммит кезінде Өзбекстан толыққанды мүше ретінде қосылды. Мажарстан 2018 жылғы қыркүйекте Қырғыз Республикасының Шолпан-Атада өткен 6-шы Саммиті кезінде Ұйымда бақылаушы мәртебесін алды. Ал соңғы 2021 жылғы қарашада өткен 8-ші Саммитте Түрікменстан Ұйымға бақылаушы мүше ретінде қосылды.

Ұйым Біріккен Ұлттар Ұйымы (БҰҰ) Жарғысының мақсаттары мен қағидаттарын және мемлекеттердің егемендік теңдігін, халықаралық танылған шекараларының аумақтық тұтастығын және мызғымастығын, сондай-ақ халықаралық бейбітшілікті, қауіпсіздікті қолдауды және тату көршілік пен достық қатынастарды дамытуды қоса алғанда, халықаралық құқықтың басқа да жалпыға бірдей танылған қағидаттары мен нормаларын ұстанады.

Ұйым бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайтуға, кең ынтымақтастықты дамытуға және оған мүше мемлекеттер арасындағы ортақ даму әлеуетін ашуға ұмтылады. Ұйым елдердің белгілі бір тобын біріктірсе де, ерекше көзқарасты ұстанбайды. Керісінше, Түркітілдес елдер арасындағы қатынастар мен ынтымақтастықты тереңдетуге ықпал ете отырып, Еуразия құрлығында, әсіресе Орталық Азия мен Кавказда халықаралық ынтымақтастықты дамыту үшін жаңа өңірлік құрал ретінде қызмет етуге ұмтылады.

Ортақ тарихтың, ортақ тілдің, ортақ бірегейліктің және ортақ мәдениеттің төрт негізгі тірегіне құрылған Түркі Кеңесі өзін осы ортақ белгілердің шеңберімен шектемейді. Керісінше, ол мүше мемлекеттер арасындағы экономика, ғылым, білім, көлік, кеден, туризм және басқа да түрлі салалар сияқты екіжақты ынтымақтастықтың қолданыстағы салаларын аймақтың игілігі үшін көпжақты ынтымақтастыққа дейін кеңейтуге бағытталған.

Бұл ретте Ұйым өзін мүше мемлекеттердің шеңберімен шектемейді және өз аймағында, әсіресе көлік, кеден және туризм сияқты салаларда көрші мемлекеттермен бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында ынтымақтасады.

Ұйымның басты органдары Мемлекет басшыларының кеңесі, Сыртқы істер министрлерінің кеңесі, Ақсақалдар кеңесі, Жоғары лауазымды тұлғалар комитеті және Хатшылық болып табылады. Сондай-ақ, Ұйымның қызметіне Түркітілдес елдердің Парламенттік Ассамблеясы (ТҮРКПА), Түркі мәдениетінің халықаралық ұйымы (ТҮРКСОЙ), Халықаралық Түркі Академиясы, Түркі мәдениеті мен мұрасының қоры, Түркі іскерлік кеңесі, Түркі университеттері одағы және Түркі сауда-өнеркәсіп палатасы сияқты ұйымдар қолдау көрсетеді.

2011 жылдан бастап Ұйым жыл сайынғы саммиттерін белгілі бір тақырыптар бойынша өткізіп, онда мүше мемлекеттердің басшылары өткен кезеңді бағалап, келесі жылға мақсаттар қояды.

www.turkkon.org